Қазақстан мен Норвегия жүк тасымалын делдалсыз жүргізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатының депутаттары «Қазақстан мен Норвегия үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалы жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мен Норвегия жүк тасымалын делдалсыз жүргізеді

«Норвегиямен арадағы жүктер мен жолаушылар тасымалы туралы келісімнің маңызы зор. Себебі дәл қазір ол тасымалдар Ресей мен Беларусь арқылы жүргізіледі. Ал келісімнің негізінде Қазақстан мен Норвегия бір-біріне рұқсат беріп, тікелей жұмыс істей алады. Осының арқасында біздің жүк пен жолаушы тасымалдаушыларына қосымша жұмыс табылады. Негізі, соңғы бір жылдың ішінде екі ел арасындағы автомобиль тасымалы 53 пайызға өсті. Сондықтан заңды қабылдағаннан кейін осы саладағы байланыс күшейе түседі», - деді депутат Ерік Сұлтанов экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы аясында.

Айта кеткен жөн, отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан республикасының Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 20 наурыздағы халықаралық автомобиль бағдары жөніндегі келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Комитет мүшелері екі құжатты да палатаның пленарлық отырысына енгізуді ұйғарды.