Қазақстан мен Орталық Азияда хейболды дамыту мәселесі талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда хейболды дамыту және оны халықаралық жарыстардың бағдарламасына енгізу мүмкіндіктері Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті, Қазақстанның бильярд спорты федерациясы және Қытайдың JOY Billiards компаниясы өкілдерінің кездесуінде талқыланды.

Қазақстан мен Орталық Азияда хейболды дамыту мәселесі талқыланды
Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет

Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар бұл спорт түрін алдымен Азия деңгейіндегі жарыстарға енгізу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.

Кездесуге Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, комитеттің бас директоры Нұрлан Нөгербек, JOY Billiards компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Цяо Юаньсюй, компанияның бас менеджері Чжан Сяопин және Қазақстанның бильярд спорты федерациясының президенті Аңсары Қаранеев қатысты.

Тараптар хейболды 2030 жылы Қатардың Доха қаласында өтетін Азия ойындары мен 2032 жылы Аустралияның Брисбен қаласында ұйымдастырылатын Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

Қытайлық сегіздік деген атпен де белгілі хейбол – бильярдтың бір түрі. Қазіргі уақытта бұл спорт түрі халықаралық деңгейде қарқынды дамып келеді. 2025 жылы хейбол Қытайдың Чэнду қаласында өткен Дүниежүзілік ойындардың бағдарламасына алғаш рет енгізілді.

JOY Billiards өкілдері хейболды түрлі елдерде кеңінен насихаттау және оның географиялық ауқымын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қазақстандық тарап бұл спорт түрін халықаралық деңгейде дамыту үшін кезең-кезеңімен әрекет ету қажеттігін атап өтті. Алғашқы кезекте оны Азия Олимпиадалық кеңесінің ұйымдастыруымен өтетін жарыстардың бағдарламасына енгізу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.

Ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарының бірі ретінде Азияның зияткерлік спорт түрлері қауымдастығымен (AMSA) байланыс орнату мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ тараптар 2027 жылы Кувейтте өтетін киберспорт және зияткерлік спорт түрлері бойынша Азия ойындары аясында хейболды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Бұдан бөлек, Қазақстанда хейболды дамыту мәселесіне де назар аударылды. Ұлттық федерация өкілдері спорт түрін кеңінен насихаттау, қажетті спорт инфрақұрылымын дамыту және жаттығулар мен жарыстар өткізуге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар туралы мәлімет берді.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Орталық Азияда хейболды дамыту, сондай-ақ оны халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.

Айта кетейік, кеше Қазақстан спортшылары V Азия пара ойындарына аттанды.