Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан мен Өзбекстан $1,8 млрд-тан асатын 80 бірлескен жобаны іске асырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов Ақтауда Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 23-ші отырысын өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов
Фото: Үкімет

Шағын құрамдағы кездесуде жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қаралып, алдағы жұмыстың басым бағыттары талқыланды.

Олжас Бектенов
Фото: Үкімет

— Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёевтің бірлескен күш-жігерінің арқасында біздің көпқырлы байланыстарымыз қарқынды дамып келеді және бүкіл Орталық Азия өңіріндегі өзара іс-қимылдың табысты үлгісіне айналды. Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы қазақ-өзбек серіктестігінің сенім рухындағы сипатын тағы бір айқындап берді, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Абдулла Арипов
Фото: Үкімет

— Биыл мемлекеттеріміздің басшылары Бұхара, Астана және Түркістан қалаларында өткен кездесулері аясында екі елдің үкіметтеріне ынтымақтастықты кеңейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Аталған тапсырмаларды орындау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдауға дайынбыз. Біздің бүгінгі келіссөздер сауда, инвестиция, өнеркәсіп, көлік, өңіраралық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенімдімін, — деп атап өтті Абдулла Арипов.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі $4,8 млрд-ты құрады. 2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 37%-ға артып, $2,3 млрд-қа жетті. Қазақстанның экспорттық әлеуеті металлургия, машина жасау, мұнай химиясы, химия өнеркәсібі, фармацевтика, көлік құралдары мен құрылыс материалдары өндіру салаларында айқын байқалады. Олжас Бектенов инвестициялар және сауда саласындағы жалпы құны $7,8 млрд құрайтын жол картасын сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Оған енгізілген жобалар бойынша бірлескен жұмыс тауар айналымын әртараптандыру, өзара жеткізілімдерді кеңейту және жаңа инвестициялар тартуды қамтамасыз етеді.

Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов
Фото: Үкімет

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі — өнеркәсіптік кооперация. Қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан жалпы құны $1,8 млрд-тан асатын 80 бірлескен жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Құны $227 млн-ды құрайтын 15 жоба іске қосылып, 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Бүгінде жалпы сомасы $102 млн болатын 6 жоба белсенді жүзеге асыру кезеңінде. Сонымен қатар құны $1,5 млрд-ты құрайтын келешегі зор 59 бастаманы жүзеге асыру мәселесі пысықталуда.

Көлік қатынасы және логистикалық дәліздерді дамыту мәселелері қаралды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы теміржол тасымалының көлемі 16%-ға өсіп, 32,3 млн тоннаны құрады. Тасымалдарды одан әрі ұлғайту үшін теміржол дәліздерінің өткізу қабілетін 35 млн тоннадан 60 млн тоннаға дейін арттыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Орталық Азия елдерімен көлік байланыстарын кеңейту үшін теміржол инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты іргелес теміржол учаскелерін жаңғырту және қосымша өткізу пункттерін ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов
Фото: Үкімет

Қазақстандық теңіз инфрақұрылымын пайдалануда оң динамика байқалады. Автомобиль тасымалы саласындағы ынтымақтастық дамуда.E-Permit жүйесінде шетелдік рұқсат бланкілерімен электрондық алмасу тетігінің енгізілуі төрт жыл ішінде олардың санын он еседен астам арттыруға және мемлекеттік шекарадан өту уақытын 9 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Су шаруашылығы саласында өзара түсіністік пен екі елдің мүдделерін есепке алу негізінде ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігі расталды.

Тараптар сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи-мәдени нысандарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу үшін «Ұлы Жібек жолы: Ферғана–Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясына қосу бойынша бірлескен жұмыс жалғасуда.

Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов
Фото: Үкімет

Бірлескен үкіметаралық комиссияның кеңейтілген құрамдағы отырысында нақты жобаларды жүзеге асыруға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін қабылданатын шаралардың тиімділігін одан әрі арттыруға назар аударылды.

Қазақстан тарапынан сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев баяндама жасады. Өзбекстан тарапынан инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Кудратов, көлік министрі Илхом Махкамов және су шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Зокир Ишпулатов тыңдалды.

Талқылау қорытындысы бойынша тараптар өнеркәсіпте, көлік-транзит саласында және экономиканың басқа да салаларында ынтымақтастықты жандандыруға келісті.

Жиын соңында қос мемлекеттің премьер-министрлері Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 23-ші отырысының хаттамасына қол қойды.