Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд долларға жетті
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, алғашқы тоқсанда елдің сыртқы сауда айналымы 18 млрд долларға теңеліп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға өсті. Қаңтар-наурызда көршілес мемлекет әлемнің 170 елімен сауда-саттық жасады.
Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 4,6 млрд доллардан (жалпы көлемнің 25,6%) асты.
Ал сауда-саттықтың 18,2%-ы Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 3,2 млрд доллардан артық.
Сондай-ақ көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Ресми Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд доллардан (7,2%) асты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 280 млн долларға көп. Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан 282,2 млн доллардың тауарын экспорттап, 1 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, алғашқы үш айда 680 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барған.
Қоса кетсек, таяуда Самарқандта Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 59-шы отырысында сөз сөйлеген көршілес елдің президенті Шавкат Мирзиёев жаһандық қақтығыстар ОА елдері үшін жүк тасымалы құнының 30%-ға дейін өсуіне себеп болып жатқанын айтқан еді.