Қазақстан мен Өзбекстан экономикалық статистика алмасуды жылдамдатады
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшісі Ерік Өтембаев Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік статистика комитетінің төрағасы Баходир Бегаловпен кездесті, деп хабар береді «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.
Сұхбатта тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның статистика органдары арасындағы байланыстарды кеңейту мүмкіндіктері, Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің 2020 жылға қарай өзара сауда айналымын 5 млрд долларға дейін арттыру туралы тапсырмаларын орындау жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ өзара сауда статистикасын біркелкі түсінуге кедергі жасайтын тосқауылдарды жою мәселелерін талқылады.
Қазақстан Елшісі Ерік Өтембаев өзбек тарапын шекаралық сауда байланыстарын жандандыру жұмыстары туралы егжей-тегжейлі хабардар етіп, біріккен өндіріс орындарын құру жобалары жайында әңгімеледі. Ал мемстатком төрағасы Баходир Бегалов жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызын тілге тиек етіп, Қазақстан мен Өзбекстан арасында статистикалық жылдам ақпарат алмасуға жағдай жасау бағытындағы негізгі жобалар туралы ақпарат берді.
Кездесу қорытындыларына орай, тараптар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті мен Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік статистика комитетінің арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға дайындық жұмыстарын жылдамдатуға келісті.