Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш кеңістігін бірлесе зерттемек
Құжатта келісім шеңберінде атқарылатын жұмыс бағыттары көрсетілген. Негізінен Қазақстан мен Өзбекстан тараптары ғарыш саласының әртүрлі бағыттарында кадр даярлауға, астрофизикалық және планеталарды бірлесе зерттеуге ниетті.
«Қазақстан мен Өзбекстан тарапы: ғарыш кеңістігін зерттеу, жерді қашықтан зондтау, ғарыш аппараттарын және олардың өзге де жабдықтарын құрастыру, жерүсті ғарыш инфрақұрылымын дамыту, ғарыш аппараттарын ұшыру, спутниктік навигациялық жүйелер мен технологияларды енгізу бойынша келісті», - делінген жұмыс бағыттары айқындалған құжатта.
Сондай-ақ, екі ел ғылыми және техникалық мазмұндағы ақпараттар мен зерттеу материалдарын өзара бөлісіп отырмақ. Келісімде көрсетілгендей, бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен және өзге де көздерден қаржы тартылады.