Қазақстан мен Өзбекстан Іскерлік кеңес құруға келісті

ТАШКЕНТ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Өзбекстан делегациялары арасында өткен келіссөздердің қорытындылары бойынша екі құжатқа қол қойылды.

Қазақстан мен Өзбекстан Іскерлік кеңес құруға келісті

Атап айтқанда, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық қадағалау және метрология бойынша комитеті мен Өзбекстандағы стандарттау, метрология және сертификаттау агенттігі арасында стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжатқа ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық қадағалау және метрология бойынша комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаев пен «Өзстандарт» агенттігінің бас директоры Әбдусалом Құрбанов қол қойды.

Бұдан басқа, екі елдің сауда-өнеркәсіп палаталары арасында Іскерлік кеңес құру туралы Келісімге қол қойылды. Аталған құжатқа ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Әбдолла Құндақбаев пен ӨР Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Әлішер Шайхов қол қойды.