Қазақстан мен Өзбекстан киіктерді қайта жерсіндіру мәселесін талқылады

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан мен Өзбекстан киіктерді Өзбекстан аумағына қайта жерсіндіру мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті. Тараптар сондай-ақ шекаралас өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту, атмосфералық ауаның сапасын арттыру және Орталық Азия елдерінің табиғатты қорғау саласындағы өзара іс-қимылын нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан мен Өзбекстан киіктерді қайта жерсіндіру мәселесін талқылады
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

ҚР Экология және табиғис ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл мәселелер Биологиялық әртүрлілік жөніндегі БҰҰ конференциясы (КС-17) аясында Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен Өзбекстан Республикасы Президентінің экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Азиз Абдухакимовтың кездесуінде қаралды.

Өзбекстан тарапы Қазақстанның киік популяциясын сақтау және қалпына келтіру бағытындағы тәжірибесіне жоғары баға берді. Кездесу барысында тараптар киіктерді қайта жерсіндіруге қатысты практикалық мәселелерді бірлесіп пысықтауды жалғастыруға уағдаласты.

Азиз Абдухакимов Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, оның аясында қабылданған бастамаларды қолдады. Өз кезегінде Әлібек Қуантыров осы бастамаларды іске асыру бойынша нақты жұмыстар басталғанын жеткізді. Атап айтқанда, «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы мен ормандарды қалпына келтіру бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Кездесуде атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тараптар таза ауаның екі ел үшін де маңыздылығын атап өтіп, кәсіпорындардан шығатын зиянды шығарындыларды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат алмасты. Сондай-ақ шекаралас өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті.

Министрлер Орталық Азия елдерінің халықаралық алаңдарда ортақ ұстаным білдіруі бағытындағы жұмысты талқылады. Бұдан бөлек, Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) қатысуымен Орталық Азияның Қызыл кітабын әзірлеу барысында өңір мамандарының күш-жігерін біріктіру жөнінде уағдаласты.

Тараптар қалдықтарды басқару мәселелерін де талқылап, осы саладағы тәжірибе мен озық практикалар алмасуды жалғастыруға келісті.

Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Өзбекстан өкілдері талқыланған барлық бағыт бойынша тығыз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін растады.

Осыған дейін Қазақстан мен Бельгия Каспий теңізінің экологиясын сақтау бойынша ынтымақтастықты күшейтетіні туралы жаздық.