16:13, 19 Қараша 2022 | GMT +5
Қазақстан мен Өзбекстан шекараны шегендеу туралы қорытынды құжат жобасын дайындады
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - 14-19 қараша аралығында Ташкент қаласында Қазақстан-Өзбекстан бірлескен демаркациялық комиссиясындағы Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтік делегацияларының 100-ші отырысы өтті. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Тараптар Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шарттың жобасын және аталған Шартқа қосымша болып табылатын шекараны демаркациялаудың қорытынды құжаттарының жобаларын қол қоюға дайындады.
Сонымен қатар тараптар Қазақстан-Өзбекстан бірлескен демаркациялық комиссиясының жұмысы туралы қорытынды хаттамаға қол қойды.
Келіссөздер достық пен өзара түсіністік сипатында өтті», - делінген мәліметте.