Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында кептеліс жоқ — Кедендік бақылау

таможня
Фото: Мухтар Холдорбеков/ агентство Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы Қазақстан-Өзбекстан шекарасында жүк машиналарының километрге жететін кептелістері болған еді. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев биыл бұл жағдай қайталанбауы үшін қандай шаралар қабылданғанын айтып берді.

Спикердің айтуынша, бүгінде Қазақстан-Өзбекстан шекарасында 3 теміржол, 8 автомобиль өткізу пункті жұмыс істейді. Олардың барлығы негізінен Түркістан облысында орналасқан.

«Біріншіден, көлік құралдарының кептелісіне қандай да бір құбылыс себеп болғанын атап өткім келеді. Яғни, қар жауады, жүргізушілер қардың тоқтағанын күтеді де, бәрі бір уақытта өткізу пунктіне барады. Мұндай күндері кептеліс туындайды. Қазір тәжірибе жинадық, егер ауа райы нашарласа, алдын-ала қашан жылынатынын қараймыз және сол күні кедендік бекетке қызметкерлерді көбірек шығарамыз. Оған қоса, электронды кезек енгізілді. Ол да жақсы көрсеткіштер береді», - деп жауап берді Елдос Саудабаев.

Ол Қазақстаннан Өзбекстанға тәулігіне барлық өткізу пункттері бойынша 250-ге жуық көлік өтетінін атап өтті.

«Б. Қонысбаев кеден бекеті қайта жаңартылғаннан кейін тәулігіне 1000-1100 көлік құралын өткізеді. Дәл қазіргі уақытта кептелістер жоқ, - деп толықтырды Кедендік бақылау департаментінің директоры.

Соңғы жаңалықтар