Қазақстан мен Өзбекстан тауар айналымын 5 млрд долларға дейін ұлғайтады
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкентте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Өзбекстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматовтың қатысуымен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын ұлғайту бойынша жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Отырыс барысында екі ел арасындағы сауда-көлемінің ұлғайғаны атап өтілді. 2018 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сыртқы сауда айналымы 543,1 млн АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылғы кезеңмен (371,8 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 46% көп.
2018 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстаннан Өзбекстанға экспорт 55,1% артып, 399,9 млн АҚШ долларын құраған. Өзбекстаннан Қазақстанға импорт 25,6% ұлғайып, 143 млн АҚШ доллары болған.
«Біздің бірде-бір сауда серіктесімізбен мұндай өсім динамикасы болмаған, ЕАЭО аясындағы ең ауқымды өсімнің өзі 30% болған. Әйтсе де, бізде әлі де іске қосылуы тиіс резервтер бар», - деп атап өтті Асқар Мамин.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық дамуының оң өсімін есепке ала отырып, қос тарап тауар айналымы өсімін 2018 жылдағы 3 млрд доллардан 2020 жылға қарай 5 млрд долларға дейін арттыруға уағдаласты.