Қазақстан мен Өзбекстан заңсыз көші-қонмен күресуде ынтымақтастықты арттырады - Мәжіліс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Аталған құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рұқсатсыз болатын адамдар реадмиссиясының құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерін реттеуге бағытталады. Ал келісім мен хаттаманы іске асыру заңсыз көші-қонның іс-қимыл саласында тараптар арасындағы ынтымақтастықты жетілдіруге ықпал етеді. Бұл ретте заң жобасы екі елдің аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын адамдарды анықтап, кері қайтарудың тиімді тәсілдерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Келісімді қабылдау заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Мемлекеттер аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдаудың, олардың транзитін жеңілдетеді. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, қосымша қаржы талап етпейді», - деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.