Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы қарқынды дамуда- Қаржы министрі
«Біріншіден, алдағы уақытта салықтың барлық түрлері бойынша ақпарат алмасуды қалыптастырып, салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту көзделген. Екіншіден, екі елдің ішкі заңнамасында қарастырылған салық төлеуден жалтаруға қарсы шараларды қолдану және заңды тұлғалардың қосарланған резиденттік проблемаларын шешу ескерілген. Үшіншіден, кейбір қызмет түрлерін іске асырған кезде олардың табыстарына бірінші күннен бастап салық салу қарастырылған», - деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Оның сөзіне қарағанда, екі ел арасында тауар айналымы соңғы жылдары жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Атап айтсақ, тек қана өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 2 млрд АҚШ долларын құрады. 2016 жылмен салыстырғанда 31,2 пайызға өсті. Ал биылғы жартыжылдықты алатын болсақ, тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларына жетіп, былтырғы сәйкес мерзімімен салыстырғанда 35 пайызға артты.
Қазақстан экспортының негізгі көрсеткіштері бидай мен ұнды, рудаларды, мырыш концентратын қамтиды. Ал импорт құрлымында табиғи газ, көкөністер мен жемістер басымдыққа ие.