Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындары әріптестік меморандумын жасасты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов бастаған делегация  Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизациялау институты басшылығының шақыртуымен Өзбекстанда арнайы жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды аталған жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындары әріптестік меморандумын жасасты

Жұмыс сапары аясында өткен кездесуде Қазақ ұлттық аграрлық университеті, ҚазҰАУ жанындағы Агротехнологиялық хаб (AgriTech Hub), Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизациялау институты, Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті бірігіп төртжақты Меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастықтың басты міндеті - екі мемлекетке де тиімді бірлескен инновациялық жобаларды іске асырып, аграрлық білім, ғылым саласындағы өзара байланысты нығайту үшін AgriTech Hub Uzbekistan орталығын құру. Бұл әріптестік байланыстар Азия Даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылатын болады.

Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы Агротехнологиялық Хаб 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Оның қызметі - шетелдегі озық технологиялар мен білімді тарту және оны қазақстандық жағдайға бейімдеу, ғылыми-зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің құралдарын тәжірибеде қолдану, агроөнеркәісіптік кешеннің басымды бағыттарын дамыту.

Хабтың құрамына Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корея, Агроинженерлік мәселелер мен энергия үнемдеу, Тұрақты егін шаруашылығы, Азықтық өнімдердің технологиясы мен сапасы, Су инновациялық орталықтары, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы, Инновациялық жылыжай, Оқу-өндірістік шаруашылығы және тағы басқа ғылыми-зерттеу зертханалары кіреді.

Бүгінгі күні ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хабта отандық агроөнеркәсіптік кешенге цифрлы технологияларды енгізуге ықпал жасайтын Ситуациялық орталық жұмыс істейді. Бұл орталық сандық технологияларды игерген әлемдік деңгейдегі білікті мамандарды тартуға,  тың идеялар мен жаңа коомуникациялық-ақпараттық технологияларды енгізуге, озық инновациялық тәжірибелерді алмасуға жол ашады. Бүгінгі күні осы орталықта білімді жастарымыз өздерінің жаңа идеялары мен ғылыми жобаларын іске асыруға мүмкіндік алуда.

2017 жылы университетте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Азия Даму банкі, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ислам банкі және ЮНЕСКО қолдауымен Қазақстандағы және Орталық Азия аумағында су мәселелерін шешумен, құрғақшылық, топырақтың тұздануы сынды экологиялық проблемалар мен өзге де төтенше жағдайларда жедел әрекет ететін Су хабы құрылды.

 Жұмыс сапары барысында  Халықаралық семинар өтті. Оған жұмысына екі елдің аграрлық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, ғылыми қызметкерлері, биыл оқу бітіретін магистранттары мен студенттері қатысты.

Университет басшысы, академик Тілектес Исабайұлы өзбекстандық әріптестерге оқу орнының бүгінгі жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы, университеттің ғылыми-білім беру базасында іске асырылып жатқан ғылыми жобалар туралы  баяндады. «Қазіргі таңда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде инновациялық технологияларды игерген білікті мамандар әлеуеті мен ғылыми-инновациялық зерттеулерді әлем талаптарына сай, жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік беретін дамыған инфраструкрура қалыптасқан. Осы арқылы біз халықаралық байланыстарымызды арттырып, білім, ғылым, өндіріс интеграциясын  жан-жақты дамытып отырмыз» - деп атап өтті ол.

Семинарда сондай-ақ,  ҚазҰАУ жанындағы AgriTech Hub Kazakhstan директоры Марат Бексұлтанов баяндама жасап Агрохабтың қызметі туралы ақпарат берді.

Кездесу барысында тараптар бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, аграрлық бағыттағы жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды жандандырып, профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер алмасу мәселелерін талқылады.