Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай күрделі проблема жоқ – Мемлекет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамдағы келіссөзде екі елдің үкіметтеріне бірқатар тапсырмалар берілгенін мәлім етті.

Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай күрделі проблема жоқ – Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

«Мемлекеттік сапармен келу бару туралы шешім қабылдағаныңыз үшін тағы да ризашылығымды білдіремін. Бұған дейін айтқанымдай, бұл сапар біздің стратегиялық әріптестігімізді кеңейтіп, тереңдету тұрғысынан өте маңызды. Жаңа ғана шағын құрамдағы келіссөзде біз күн тәртібіндегі мәселелерді іскерлік ахуалда, өте тыңғылықты талқыладық», - деді Президент.

Мемлекет басшысы екі ел ынтымақтастығының күн тәртібі кең ауқымды екенін атап өтті.

«Ортақ мәмлеге келіп, Үкіметке тиісті тапсырмалар бердік деп ойлаймын. Алдымызда өте үлкен жұмыс күтіп тұр. Мен президент ретінде, бұл жұмыстың бәрін бақылауда ұстаймын. Өйткені біз Ресей Федерациясымен ынтымақтастықты дамытуға басымдық береміз.

Біздің мемлекеттеріміздің арасында ешқандай күрделі проблема жоқ. Басқа мәселелерде де сондай. Ынтымақтастық тығыз дамып жатқандықтан әрине, мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының назарын қажет ететін мәселелер туындап жатады.

Ол үшін барлық мәселелерді шешуге бағытталған осындай іс-шаралар іске асырылады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.