Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 11 айда 24 млрд доллардан асқан

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ресей Федерациясының Премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесуінде екіжақты сауда-саттықтың жыл сайын артып келе жатқанын мәлім етті.

Бектенов - Мишустин
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

- Екі елдің үкіметтерінің маңызды міндеті – қол жеткізілген уағдаластықтарды жоғары деңгейде толыққанды іске асырып, екіжақты сауда көлемін 30 млрд долларға дейін ұлғайту. Қазақстан өңірлер арасындағы және шекара маңындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Уфадағы өңіраралық XX мерейтойлық ынтымақтастық форумының қорытындыларын оң бағалап отырмыз. Келесі форумды биыл Қазақстанда, Орал қаласында өткізу жоспарланған, - деді Премьер-министр.

Сондай-ақ, ол өңіраралық ынтымақтастық форумдар екі ел аймақтарының дамуына серпін қосып жатқанын атап өтті.

- Бұл формат жылдан жылға өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді және екі ел өңірлерінің арасында сындарлы диалог құруда байланыстырушы тетік болып отыр. Бұл жыл түрлі деңгейдегі бірлескен іс-шаралар мен өзара байланыстар тұрғысынан маңызды оқиғаларға толы жыл болатынына сенімдімін.

Ресей Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі болып есептеледі. 2023 жылы өзара тауар айналымымыздың көлемі өсіп, 27,1 млн доллар болған. Өткен жылдың 11 айында да өзара сауда жақсы нәтиже көрсетіп, 24,2 млрд доллардың межесіне жетті, - деді Олжас Бектенов.

Осыған дейін «Ирикла» су қоймасын қадағалау бойынша Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар