Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарада көлік қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара бекетінде көлік қозғалысы уақытша шектелуі мүмкін, деп хабарлайды ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Комитеттің хабарлауынша, 2024 жылдың 7 қазанынан бастап Қазақстанмен іргелес Саратов облысындағы «Озинки» автомобиль өткізу бекетінде – Тасқала өткізу пунктінде жүк тасымалы жолағындағы жол төсеміне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Осыған байланысты өткізу пунктінде шектеулер болуы мүмкін. Жөндеу жұмыстарының аяқталуының болжамды мерзімі - 2024 жылдың 31 қазанына дейін.
ҚР ҚМ МКК «Тасқала» автомобиль өткізу пункті арқылы мемлекеттік шекараның Қазақстан-Ресей учаскесін кесіп өтуді жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеруді сұрайды
«Қосымша өзекті ақпарат ҚР ҚМ МКК ресми парақшаларында орналастырылады», - делінген хабарламада.
Осыған дейін қарақшылық шабуыл жасады деген күдікті Ресейден экстрадицияланғаны туралы жаздық.