Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналым көлемі 30 млрд доллардан асады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тауар айналымы жақын арада 30 млрд доллардан асып түседі. Бұл туралы елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналым көлемі 30 млрд доллардан асады
Фото: Ақорда

- Өзара тауар айналымының көрсеткіштеріне тоқталсақ, оның сомасы жақын арада 30 млрд доллардан асатынына сенімдімін. Бұл тұрғыда Ресей Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвестор екені өте маңызды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Ресей экономикасына салған Қазақстан инвестициясы 29 млрд доллардан асты.

- Бұл өз кезегінде айтарлықтай қомақты көрсеткіш, өте жақсы көрсеткіш. Әрине, бұл әкімшілік пен үкіметтердің бірлескен жұмысының нәтижесі. Келіскеніміздей, бұл жұмыс өзінің сәтті жалғасатын табады, - деді Мемлекет басшысы.

Президенті жалпы инвестиция көлемі 53 млрд долларға жуық 177 бірлескен жобадан тұратын пул құрылғанын хабарлады.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.