Қазақстан мен Ресей арасында сауда-саттық артып келеді - Мемлекет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Ресей арасында сауда-саттық артып келеді. Бұл туралы екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумының XVIII жалпы отырысына қатысушыларға видеоконференция режимінде сөз арнаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мен Ресей арасында сауда-саттық артып келеді - Мемлекет басшысы

«Өткен жылы Қазақстан мен Ресей арасында тауар көлемі жаңа рекордты мәнге жетіп, іс жүзінде 24,5 млрд АҚШ долларын құрады. Осы жылдың алғашқы он айының қорытындысында да тауар айналымы 5 пайызға өскенін көрсетіп отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Ресейге қазақстандық экспорт түрлерінің де артқанын баса айтты.

«Өткен жылмен салыстырғанда тауарлық позиция саны 640-тан 1 050 атауға дейін артты. Ресейлік өңірлерге жеткізілім 2,5 есеге жуық ұлғайды. Бұл – Алматыдан. Ал мысал ретінде айтар болсақ, Астанадан 5 есеге өсті. Шекара маңындағы сауда да айтарлықтай жандана түсті. Айталық, Ақтөбе облысынан Ресейге жеткізілім - 48, Павлодар облысынан 36 пайызға артты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.