Қазақстан мен Ресей «Бәйтерек» ғарыш жобасының болашағын талқылады

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Роскосмос делегациясы жұмыс сапарымен Қазақстан астанасына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Юрий Борисовпен кездесуінде ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері талқыланған.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Байқоңыр ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жобасын одан әрі іске асыру тақырыбы да көтерілген.

Тараптар жобаның стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, оны іске асыру жұмыстарын жалғастыруға уағдаласқан.

«Біз «Бәйтерек» жобасын іске асыруды аяқтауға ниеттіміз, ол Байқоңыр ғарыш айлағының болашағын қамтамасыз етеді. Қазақстандық тараптың да алға жылжуға ниеті бар», - деп Роскосмостың баспасөз қызметі Юрий Борисовтың сөзінен цитата келтірді.

Кездесу барысында тараптар «Бәйтерек» бірлескен жобасы шеңберінде Байқоңыр ғарыш айлағында «Союз-5» зымыран тасығышын және ұшыру кешенін құру жұмыстарын синхронизациялауды талқылады.

Ресеймен бірлескен «Бәйтерек» жобасын іске асыру тараптардың міндеттерін де көздейтіні белгілі: қазақстандық тарап жерүсті ұшырылымын жаңғыртуға, ал Ресей – «Союз-5» тобының экологиялық қауіпсіз зымыран тасығышын жасауға жауапты.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында «Бәйтерек» жобасын іске асыру барысында қазақстандық техникалық мамандар конструкторлық құжаттамамен жұмыс істеу, мамандарымыз толық қызмет көрсететін «Зенит» ғарыштық зымыран кешенін пайдалану және жұмысқа жарамды күйде ұстау кезінде құзыретін арттыратынын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар
telegram