Қазақстан мен Ресей экстремизм және терроризмге қарсы бірлескен жұмысты күшейтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Ресейдің бас прокуратуралары экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуына қарсы іс-қимыл мәселесін талқылады. Тараптар шекаралас өңірлер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетіп, тәжірибе алмасуға келісті. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті. 

Қазақстан мен Ресей экстремизм және терроризмге қарсы бірлескен жұмысты күшейтеді
Фото: Бас прокуратура

25 қарашада Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бас прокуратуралары «Экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуына қарсы іс-қимыл» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел жұмысына екі елдің бас прокуратураларының жауапты қызметкерлері қатысты.

Оған Қазақстанның сегіз шекаралас өңірінің және Ресей прокуратура органдарының он жеті субъектісінің басшылық құрамы да қатысты.

Баяндамаларды тыңдау, оларды талқылау және тәжірибе алмасу қорытындысы бойынша барлық қатысушылар экстремизм мен терроризмнің кез келген көріністерінің алдын алу және жолын кесу жөніндегі екі елдің прокуратураларының өзара іс-қимылын тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

Алдағы уақытта осындай іс-шараларды, оның ішінде аталған саладағы оң жұмыс тәжірибесін тереңірек зерделей отырып өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Осылайша, екі елдің қадағалау органдары арасында өткен дөңгелек үстел мемлекетаралық өзара іс-қимылдың қосымша алаңына айналды.

Еске салсақ, Алматыда діни экстремизмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталған еді.