Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы өзге елдерге үлгі - Әбдірахманов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов баспасөз мәслихаты барысында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөздердің қорытындысын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Мәскеудегі тілшісі Медет Ахметов.

 Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы өзге елдерге үлгі - Әбдірахманов

Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы өз сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

«Менің Ресейге сапарым Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 25 жылдығы қарсаңында өтуінің өзі айрықша мәнге ие. Айта кетерлігі, Қазақстан мен Ресей Тәуелсіздік жылдары ішінде тарихи бірлік пен ғасырларға созылған байланыстарды сақтап қана қоймай, тең құқылық және өзара тиімді серіктестік ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, өздерінің өзара байланыстарын жаңадан қалыптастыра алды», - деді министр.

Ол Қазақстан мен Ресей арасында барынша қарқынды сяси сұхбаттастықтың орнағандығын, өткен жылы екі ел президенттерінің 11 рет кездескендігін атап өтті. 2016 жылы Қазақстан астанасында өткен екі ел арасындағы ынтымақтастық форумында жалпы сомасы 3 млрд. долларды құрайтын 47 екіжақты құжатқа қол қойылғандығын еске салды. Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың даму деңгейі жоғары екендігін баса айтты.

«Бұл саладағы екі елдің тиімді өзара іс-қимылының жарқын көріністерінің бірі өткен жылы даңқты қазақ батыры Кейкі батырдың - Нұрмағамбет Көкембайұлының бас сүйегінің туған жеріне оралуы болды. Дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толатындығын ескере келе біз аталған атаулы күнге орай бірқатар концерттер, көрмелер және өзге де мәдени шараларды өткізуді жоспарлаудамыз», - деді Қазақстан СІМ басшысы.

Мұнан бөлек, Қ.Әбдірахманов Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшесі болып сайлануына тоқталып, бұл реттегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін айрықша атап өтті. Сонымен қатар Сирия проблемасына қатысты Астана процесіне орай пікір білдірді.