Қазақстан мен Ресей өңірлері мемлекетаралық қарым-қатынасты дамытуда айрықша рөлге ие - Божко
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Ресей өңірлері мемлекетаралық қарым-қатынасты дамытуда айрықша рөлге ие. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан ҚР Парламенті Мәжілісі мен РФ Федералды жиналысының Мемлекеттік думасы комитеттерінің кездесуінде Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«7600 шақырымды құрайтын Қазақстан-Ресей шекарасы посткеңестік кеңістікте ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемдегі ең ұзын саналады. Қазақстанның 7 облысы Ресейдің 12 өңірімен шектеседі. Бұған қоса, Ресей Федерациясының 85 субъектісінің 76-сы қазақстандық серіктестермен тікелей сауда-экономикалық байланыстарды жолға қойған. Бүгінде өңіраралық саудаға екіжақты тауар айналымының шамамен 70 пайызы тиесілі», - деді Божко.
Оның айтуынша, екі елдің мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан-Ресейдің өңіраралық ынтымақтық форумын жыл сайын өткізу де жақсы дәстүрге айналған.
«Қазақстан мен Ресей өңірлері мемлекетаралық қарым-қатынасты дамытуда барлық үдемелі рөлге ие десек, асыра айтқандық болмас. Өңірлік деңгейдегі Қазақстан мен Ресейдің өзара іс-қимылындағы өзекті мәселелерге екі ел президенттерінің қатысуымен 10 күннен кейін, 9 қарашада Челябіде өтетін Өңіраралық ынтымақтастықтың 14-ші форумы арналатын болады»,- деді ол.