Қазақстан мен Ресей шекарасындағы бақылау жеңілдетіледі - Сенат комитеті

АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы бақылау жеңілдетіледі - Сенат комитеті

Онда «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасында бірлескен бақылауды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының жобасы қаралды.

Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық туралы осы келісімге 2009 жылдың қыркүйегінде Орынбор қаласында қол қойылған. Аталған құжатта формальдылықтар мен бақылау ұзақтығын қысқарту, сондай-ақ оның тиімділігін жеке тұлғалар мен көлік құралдарының Қазақстан-Ресей шекарасын кесіп өтуі кезінде бірлескен бақылауды жүргізу жолымен арттыру көзделеді. Бұл ретте екі тараптың бақылау органдары заңнамалық бұзулар немесе бұзуға әрекеттенулер фактісін растау үшін дәлелдемелер жинауды қамтамасыз ету мақсатында бір-біріне қажетті көмек көрсетеді.

Келісімді ратификациялау шекарадағы бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сыртқы экономикалық қызметтің қатысушыларына қолайлы жағдай туғызады. Сонымен бірге, екі мемлекет арасындағы тауар айналымын арттырады.

Сенат комитетінің отырысы барысында тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.