Қазақстан мен Ресей трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану мәселесін талқылап жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Түмен қаласында Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану мен қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының 12-ші (30-шы) отырысы өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Қазақстан мен Ресейді әлемдегі ең ұзын шекаралардың бірі ғана емес, Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Елек, Қиғаш, Қараөзен және Сарыөзен сияқты трансшекаралық өзендер де біріктіріп жатыр.

Екі ел арасындағы су қатынасы 2010 жылғы 7 қыркүйектегі «Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы» келісіммен реттеледі. Бірлескен комиссия және аталған өзендер бойынша жұмыс топтары осы келісім аясында жұмыс істейді.

Бірлескен комиссияға қос тарап тең төрағалық етеді. Қазақстаннан өкіл – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.М. Мұқатаев, Ресейден – РФ Су ресурстары федералды агенттігі төрағасының орынбасары В.А. Никаноров.

«Отырыс барысында барлық трансшекаралық өзендер бассейндері бойынша жұмыс топтары басшыларының есебі тыңдалады. Тараптар ағымдағы жылдағы көктемгі су тасқыны, су қоймаларды толтыру және тұрғындар мен экономика салаларын сумен қамтамасыз ету шарттары, гидротехника құрылыстарын кешенді пайдалану және эксплуатациялау, трансшекаралық су объектілерінің су ресурстарының ластануы мен сарқылуының алдын алу туралы ақпараттармен алмасатын болады.

Онымен бір мезгілде, Жайық өзені бассейнінің проблемаларын шешуге, ірі трансшекаралық өзендер бассейндерінде зерттеу жүргізу бойынша Ынтымақтастықты белсендірудің бірыңғай жол картасын іске асыруға назар аударылмақ.

Іс-шараға екі елдің министрліктерінің, су шаруашылығы ұйымдарының, гидрометеорология қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мекемелердің өкілдері қатысып жатыр», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, комиссия мен жұмыс топтарының отырыстары жылына бір рет әр мемлекет аумағында кезектесіп өткізіледі.


Фото: gov.kz

Соңғы жаңалықтар