Қазақстан мен Руанда цифрландыру мәселелеріне қатысты ортақ жобаларды қолға алады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Руанда цифрландыру және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты ортақ жобаларды қолға алады. Бұл туралы Ақордада Руанда Президенті Поль Кагамемен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Келіссөз барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін пысықтадық. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Африка құрылығына тасымалдау жолдарын қарастырдық. Еліміз озық технологиялар, жасанды интеллект және ғарыш саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Біз цифрландыру және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты ортақ жобаларды қолға аламыз деп келістік. Ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік, — деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымынша, мұндай қадам мемлекеттік қызмет пен бизнестің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
— Ақпараттық қауіпсіздік күшейтуге мүмкіндік береді. Қазақстан мен Руанда жасыл энергетика саласын өркендетіп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүдделі. Осыған орай бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз бұл уағдаластықтар сауда-саттық көлемін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар екі елдің инвестициялық ықпалдастығына тың серпін береді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қазақстан мен Руанда көлік-логистика және сауда саласында бірлескен жұмыс топтарын құруға келісті.