Қазақстан мен Румыния арасында мұнай-газ саласы бойынша тауар айналымы артты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Елшісі Нұрбах Рүстемов Румынияның Энергетика министрі Вирджил Попескумен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Румыния арасында мұнай-газ саласы бойынша тауар айналымы артты

Тараптар 2021 жылғы ынтымақтастықтың қорытындыларын талқылады, ағымдағы жағдайды қарастырды және орта мерзімді перспективаға арналған жоспарларды белгіледі.

Әңгімелесу барысында Елші Қазақстанның Румыниямен энергетика саласындағы қарым-қатынасты нығайтуға дайындығы туралы ұстанымын жеткізді. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз Интернейшнл» компаниясының дамуы және оның қазақстандық энергетикалық ресурстарды Еуропаға экспорттаудағы белсенді қызметі туралы да сөз болды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат еліміздегі ағымдағы ахуал, сондай-ақ Үкіметтің шетелдік инвестициялық субъектілерді, оның ішінде Қазақстанның энергетикалық секторында өкілдік ететін румындық компанияларды қорғау бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Өз кезегінде Министр В.Попеску екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нығая түсетініне сенім білдіріп, мұнай-газ саласындағы тауар айналымының артуын атап өтті.