Қазақстан мен Саха түркі халықтарының түп-төркіні туралы тарихи кино түсіруі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаев сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестициялар тарту және мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Қазақстан мен Саха түркі халықтарының түп-төркіні туралы тарихи кино түсіруі мүмкін

Әлихан Смайылов Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту шеңберінде маңызды міндеттердің бірі - өзара сауда көлемін ұлғайту екенін атап өтті.

2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы $24 млрд-ты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық.

Премьер-Министрдің айтуынша, мұндай қарқынмен алдағы жылдары бұл көрсеткішті $30 млрд-қа дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

Бұл ретте ол Якутиямен өзара тауар тасымалын ұлғайту бағытының әлеуеті зор екенін атап өтті.

2022 жылғы қаңтар-қарашада тауар айналымы шамамен $80 млн-ды құрады, бұл – өткен жылғы көрсеткіштен он есе жоғары.

Сондай-ақ Премьер-Министр екіжақты қарым-қатынастың маңызды бөлігі мәдени-гуманитарлық саладағы, атап айтқанда кинематографиядағы өзара іс-қимыл екенін айтты.

«Түркі халықтарының түп-төркіні мен қалыптасуы туралы бірлескен тарихи жоба дайындауға болады. Мұндай имидждік жобаны іске асыру қоғамның тарапынан Еуразияның көшпелі халықтарының мәдениеті мен тіліне және төл мұрасына деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік береді», — деді ол.

Өз кезегінде Айсен Николаев цифрлық технологиялар саласында, сондай-ақ экономиканың түрлі бағыттарында жаңа инвестициялық жобаларды іске асырудың мүмкіндігі жоғары екенін айтты.


Фото: primeminister.kz