Қазақстан мен Сауд Арабиясы мал экспорттына қатысты ветеринариялық сертификатқа қол қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі ел арасында мүйізді ірі қара және ұсақ малды экспорттау туралы ветеринариялық сертификатқа қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Сауд Арабиясы мал экспорттына қатысты ветеринариялық сертификатқа қол қойды

«Қазақстан мен Сауд Арабиясы ветеринариялық қызметі мамандарының келіссөздер қорытындысы бойынша мүйізді ірі қара мал мен ұсақ малды сою және өсіру үшін экспорттауға ветеринариялық сертификатқа қол қойды», - делінген хабарламада.

Министрлік дерегіне сүйенсек, Сауд Арабиясы корольдігінің ветеринариялық қызметі қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға қойылған шектеуді жойды.

«Сонымен қатар, Иранмен қой еті, сиыр еті, тауық жұмыртқасы, ұсақ мал субөнімдері, асыл тұқымды және үй шаруашылығына пайдаланылатын ұсақ малды жеткізу туралы бірқатар ветеринариялық сертификатқа қол қойылды. Дәл осындай келісім БАӘ-де жасалды», - деп мәлімдейді ҚР АШМ.

Сондай-ақ, баспасөз қызметі хабарлағандай қазіргі уақытта елімізден Иранға экспортқа шығарылатын ірі қара малға арналған ветеринариялық сертификат үшін келісім жүргізілуде.

Одан бөлек, Оманға сиыр еті, қой еті және тірі ірі қара малды экспорттауға берілетін ветеринариялық сертификат әзірлену үстінде.