Қазақстан мен Сербия өзара көлік қатынасын рұқсатсыз жүзеге асыра бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан мен Сербия өзара көлік қатынасын рұқсатсыз жүзеге асыра бастайды

Аталған заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша,  2016 жылы Қазақстан мен Сербия арасындағы автомобильмен жүк тасымалдау көлемі 15 пайызға ұлғайып, 5400 тоннаны құраған. Келісіммен екі ел арасындағы автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін ұлттық норма орнатылып, тасымал түрлері мен бланкілерді алмасу бойынша квота белгілеу тәртібі реттелген.

«Екіжақты және транзиттік тасымалдар рұқсатсыз негізде, ал үшінші елдерден немесе сол елдерге тасымал рұқсат беру негізінде жүзеге асырылатын болады. Аталған шарттар қазақстандық тасымалдаушылар үшін тиімді болып табылады. Өйткені, Болгария, Греция және Хорватияға жүк тасымалдау кезінде қазақстандық жүк тасымалдаушылар Сербия аумағын транзит үшін пайдаланады. Аталған келісімді ратификациялау бюджет қаражатын жұмсауды қажет етпейді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Заң жобасын Сенат депутаттары бірауыздан қолдады.