Қазақстан мен Сербия Президенттері қандай мәселелерді қозғады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Сербия Президенті Александр Вучичпен қандай мәселелер талқыланғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің ресми шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен алғаш рет келіп отырған Сербия президенті Александр Вучич мырзаға, делегация мүшелеріне ризашылығымды білдеремін. Жоғары деңгейде өткенде бүгінгі келіссөздеріміз табысты болды деп санаймын. Кездесу барысында екі екі елдің арасындағы көп салалы қарым-қатынастың барлық түкпірлерін аралап шықтық. Соны қалай дамытамыз деген сұраққа жауап іздедік», - деді Елбасы БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында.
Мемлекет басшысы ең бірінші сауда-экономикалық серіктестікке мән берілгенін, бұл бағытта қолда бар әлеуетті толық пайдалана алмай жүргенімізді баса айтты.
«Сондай-ақ, өзекті халықаралық, өңірлік мәселелерге ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан мен Сербия арасындағы ықпалдастығымызды одан әрі тереңдете түсуге уағдаластық. Оған зор сенім бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Сербия басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен ресми сапармен келіп отыр. Бүгін мәртебелі мейман Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Президентін «Достық» орденімен марапаттады.
Ал Александр Вучич Қазақстан Президентіне өз елінің ең жоғары наградасы «Сербия Республикасы» орденін табыс етті.
Сапар аясында Александр Вучич Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI сьезінің ашылуына қатысады деп жоспарланған.
Сербия президентінің сапары барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылмақ. Оның ішінде Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ, Қазақстанның Қоғамдық даму министрлігі мен Сербияның жастар саясаты және сопрт министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар.