Қазақстан мен Швейцария су дипломатиясын дамытады
АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Швейцарияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кристина Хонеггермен кездесті.
Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың ықтимал бағыттары, сондай-ақ Швейцария тарапының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Blue Peace Central Asia» (BPCA) өңірлік бағдарламасының барысы қаралды.
Швейцарияның Даму және ынтымақтастық агенттігі (SDC) бастамашы болған жоба үш стратегиялық бағытты қамтиды. Олар - су дипломатиясы, бассейндік жоспарлау, сондай-ақ ғылыми және кадрлық әлеуетті арттыру.
Нұржан Нұржігітов Орталық Азия елдері арасында су ресурстарын басқару мәселелері бойынша сенімді нығайтуға, диалог пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған BPCA бағдарламасының маңызын атап өтті.
Тараптар сондай-ақ қазақстандық бейінді ұйымдар мен мамандардың су ресурстарын басқарудың инновациялық технологияларын енгізу, жерүсті суына мониторинг жүргізу және оларды есепке алу жүйелерін дамыту, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру, сондай-ақ су шаруашылығы саласы мамандарының әлеуетін нығайту жөніндегі бірлескен жобаларға қатысу мүмкіндігін талқылады.
- Швейцариямен әріптестікті жалғастыру өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы практикалық шешімдерді ілгерілетуге ықпал ететініне сенімдіміз. Қазақстан тек қолданыстағы өңірлік бағдарламалар аясында ғана емес, сонымен қатар жаңа бірлескен бастамаларды іске асыру арқылы да өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі. Атап айтқанда, су шаруашылығын цифрландыру және гидротехникалық құрылыстарды пайдалану тиімділігін арттыру бағыттарындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалы деп санаймыз, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанның су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы тағы 15%-ға артты.