Қазақстан мен Словакия: саясат, сауда һәм мәдениетті қамтыған даңғыл

АСТАНА. KAZINFORM - Кейінгі жылдары Орталық Азия елдері мен кәрі құрлықтың байланысы белсенді болып, терең байланыстар орнап жатқанын аңғару қиын емес. Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо ресми сапармен Қазақстанға ат басын бұрып, екі күн қатарынан қазақ-словак серіктестігін нығайтудың перспективаларын талқыламақ. Осы орайда Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы екі ел байланысының көркеюін жан-жақты саралап көрді.

Словакия
Коллаж: Kazinform/ Freepik/ Pixabay

Саяси байланыстардың орнауы

Ең алдымен саяси байланыстардың қалай бастау алғанын тілге тиек етсек. Қазақстан мен Словакия арасында 1993 жылдың 1 қаңтарында дипломатиялық қатынастар орнаған еді. Биыл 32 жылдан асып отыр. Дегенмен елшіліктер кейінірек ашылды. 2005 жылы Қазақстанда Словакия Республикасының Елшілігі есік ашса, 2006 жылы Братиславада Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі бой көтерді.

2009 жылы Чехия мен Словакиядағы Қазақстан Елшілігінің Консулдық бөлімі жұмысын бастады. Осыдан 6 жыл бұрын ғана Словакияда Қазақстан Елшілігі ашылды.

Жалпы, екі тарап көптен бері саяси ынтымақтастыққа бейіл. Екі ел басшылары бірнеше рет мемлекеттік һәм ресми сапарлармен бір-біріне қонақ болып, келіссөздер өткізген. Былтыр қарашада Бакуде өткен COP29 аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Президенті П.Пеллегринимен кездескені есте. Түрлі саладағы қарым-қатынастарды жақсарту мәселесін пысықтау үшін екі ел министрлері де көп сапар жасады.

Парламентаралық ынтымақтастық та белсенді, қазір Қазақстан Парламентінің екі палатасында да Словакиямен ынтымақтастық топтары жұмыс істейді.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Екі елдің тауар айналымы жыл сайын тұрақты түрде артып жатыр. Мәселен, 2023 жылы алыс-беріс 138,9 млн долларды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 1 пайызға өсіп, 140,3 млн долларға жетті. Оның 2,9 млн доллары экспортқа тиесілі болса, 137,4 млн доллары импорт еншісінде. Ал биыл қаңтар мен наурыз айларының арасында тауар айналымы 31,3 млн доллар болған. Сәуірдің соңында деңгей 45,6 млн долларға жеткені жария етілді.

Словакия
Инфографика: Kazinform

Қазақстан Словакияға негізінен мұздатылған өнімдер, ферроқорытпалар, машина мен құрылғыларға қажет бөлшектерді тасымалдайды.

Өз кезегінде кәрі құрлық елі бізге машиналар мен бөлшектерін, техника, құрал-жабдық, құрылыс материалдары, гербицидтер, дәрі-дәрмек, азық-түлік, полиграфиялық өнімдер, тоқыма бұйымдары және жиһаз жеткізеді.

Осы тұста Словакия Қазақстан нарығына инвестициялар құйып жатқанын да айта кетейік. 2005-2024 жылдары аталған елден келген инвестицияның жалпы көлемі 20,7 млн доллардан асты.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне қарасақ, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда словакиялық 22 бірлескен кәсіпорын бар, оның 16-сы белсенді қызмет атқаруда. Тағы 34 компания словакиялық капиталмен жұмыс істеп тұр. Олардың ішінен Oftum, ELTECO, KANTO METAL, CSBC, CME.Slovakia, Ish Pumps Olomouc, PROGAST ұжымдарын атап айтуға болады.

Екі елге ортақ Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия бар. Ол екіжақты өзара іс-қимылдың маңызды тетіктерін реттеп отырады. Комиссияның 10-отырысы былтыр 3-4 қазанда Астанада өткен.

Бұған қоса, 2023 жылғы сәуірден бастап Словакия мен Қазақстан арасында Сауда байланыстары қауымдастығы жұмыс істей бастады. Бұл бірлестік те екіжақты сауданың жанданып, тауар айналымының артуына ықпал етуді көздейді.

Саясаттанушы, халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловтың айтуынша, екі елді ең алдымен экономикалық және инвестициялық мүдделер байланыстырады. Сауда, энергетика, көлік-логистика, білім беру, мәдениет салаларында серіктестік қарқынды дамып жатыр. Қазақстан үшін Словакия Еуроодақпен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік беретін сенімді әріптес.

Жанат Момынқұлов
Фото: Жанат Момынқұловтың жеке мұрағатынан

– Словакия бірнеше салада біз үшін маңызды ел. Технология мен өнеркәсіп, нақты айтсақ, жаңа жабдықтар мен автоматтандыру саласында тәжірибелі мемлекет саналады. Ауыл шаруашылығына, экологиялық таза өнім өндіру және агротехнологияларда жетістігі мол. 

Медицина, құрылғылар мен дәрі-дәрмек өндірісінде, сонымен қатар, білім, кәсіптік және техникалық білім беру саласында үйренеріміз көп. Словакия Еуропалық Одақ құрамына 2004 жылы кіріп, 2009 жылдан бастап еуро аймағына енді. Вышеград тобына кіретін белсенді мемлекет, яғни, Польша, Чехия, Венгриямен бірге Еуропадағы аймақтық саясатқа ықпал етіп отыр. Экономикасы шағын болғанымен, экспортқа бағытталған, – дейді Ж. Момынқұлов.

Бұл тұста сарапшы Қазақстан – Словакия үшін Орталық Азияға ашылатын қақпа, ал Словакия – Қазақстанды Еуропа нарығына шығарар жол екенін алға тартты. Бұл байланыстар технология, инвестиция және логистика тұрғысынан екі жаққа да тиімді. Сол үшін Қазақстан мен Словакия арасындағы байланыстар Еуропа мен Азияны жақындататын көпір іспеттес.

– Энергетика саласында Словакия үшін Қазақстан – сенімді балама энергия көзі. Жаңартылатын энергия саласында да бірлескен жобалар жүзеге асыруға болады. Көлік және транзитке келсек, Қазақстан «Орта дәліздің» негізгі буыны ретінде, Словакия үшін Қытай мен Еуропа арасындағы тауар тасымалын жеңілдететін серіктеске айнала алады, – деп түйіндеді саясаттанушы Жанат Момынқұлов.

Мәдени-гуманитарлық саладағы әріптестік

Кейінгі 5 жылдықта екі ел руханият, мәдени салаларда да тығыз байланыстар орната бастады. Әуелі 2020 жылдың қаңтарында Словакия ғылым академиясында Абай шығармаларының 200-ден астам басылымын сыйға тарту рәсімі өткен еді. Сол жылы қазанда Абайдың «Қара сөздері» алғаш рет словак тіліне аударылып, тұсаукесері болды.

Словакия
Фото: ҚР СІМ

2021 жылдың 17 наурызында «Қазақстаннан 101 әсер» атты ерекше жаңа кітап словак тілінде жарық көріп, онлайн тұсаукесер жасалды. 2022 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанның Словакиядағы Елшілігінің жанында Қазақ ақпараттық-мәдени орталығы жұмыс істей бастады. Былтырдан бері осы орталық жанынан қазақ тілін үйретуге арналған тегін курстар ашылды.

Өткен жылы наурызда «Словакия кітапханалары апталығы» акциясы аясында Словакияның Ұлттық кітапханасында даңқты қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағы таныстырылса, қыркүйекте Банска-Бистрица мемлекеттік кітапханасында қазақ ертегілерінің словак тіліндегі «Сиқырлы бақ» жинағының тұсаукесері болды.

Словакияның түрлі қаласында Қазақстанның шығармашылық ұжымдарының концерттері мен Қазақ киносының күндері жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Білім беру саласындағы байланыстар да дамыды, қазір Словакияда 400-ге жуық қазақстандық студент оқып жатыр.

Роберт Фицо кім: коммунизм мен демократияны ұштастырған мансап

Роберт Фицо
Фото: ТАСС

Енді елімізге келгелі отырған саяси тұлға – Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоға тоқталсақ. Жалпы, бұл саясаткерді жаһандық медиада танымал тұлғалардың қатарына қосуға болады. Биыл 61 жасқа толатын ол Чехословакиядағы Топольчаны қаласында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген.

Фицоның саяси мансабы студент кезінде коммунистік партияға мүше болуынан басталды. 1990 жылдары адам құқықтарына қатысты тақырыптарды зерттей жүріп, көп өтпей 1992 жылы Парламентке сайланды.

Саясаткер Словакия тарихында үкіметті ең ұзақ басқарған адам ретінде танылып үлгерді. Алғаш рет 2006-2010 жылдары Премьер-министр атанды. Сол уақытта Фицо елі үшін маңызды қадамдар жасады деуге болады. Оның тұсында Словакия Еуропалық Одаққа қадам басты, командасы әлеуметтік-экономикалық саясатты жақсарта алды.

Дегенмен ол араға 2 жыл ғана салып 2012-2018 жылдары қайта Премьер-министр қызметіне оралды. Әйтсе де 2018 жылы журналист Жан Куцяктың тосын қазасынан кейін биліктен кетуге мәжбүр болды.

Әйтсе де саясаткердің даңғылы тоқтаған жоқ. 2023 жылдан бері Премьер-министр қызметін қайта алды. Фицоның саясаттағы жолын оңай деуге келмейді. Оны сынаушылар да, жақтаушылар да жетерлік. Әлеуметтік-экономикалық саясатқа басымдық беріп, Словакияның ауыл халқын қолдады. Еуропалық Одаққа мүше болғанымен, біржақты көзқарастан аулақ, анығында бейтарап. Өз еліндегі көп сала биліктің бақылауында болғанын қалайды.

Былтыр 15 мамырда Роберт Фицоға қатысты тосын оқиға болған еді. Словакияның Гандлов қаласында үкіметтің көшпелі отырысы өткеннен кейін саясаткер халық алдына шыққан. Алайда күтпеген жерден оған қастандық жасалды.

Бұқаралық ақпарат құралдары оқиға орнынан түсірілген видео таратып, жаһандық саяси аренада дүрбелең туған еді. Алпауыт елдердің басшылары бір ауыздан шабуылды айыптады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Словакия Премьер-министріне қастандық жасалуына байланысты бұл террорлық әрекетті қатаң айыптайтынын және мұндай қараулықты мүлде ақтауға болмайтынын мәлімдеді.

Саясаткерге 4 рет оқ атылғаны, кеуде мен іш қуысынан жарақат алғаны мәлім болды. Қауіпсіздік қызметкерлері Премьер-министрді шұғыл түрде ауруханаға жеткізіп, нәтижесінде ол аман қалды.

Кейіннен шабуыл жасаған С.Юрай есімді 71 жастағы азамат екені анықталды. Оған бастапқыда кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша іс қозғалған, биыл наурызда прокурорлар оқиғаны террористік акт ретінде қайта қарады.

Дегенмен Фицо мансабын тоқтатпай, Словакия саясатын алға ілгерілетудегі жолын жалғастырып келеді. Сонымен, Роберт Фицо заңгер әрі саясаткер ретінде танылған, коммунистік кезеңде жұмыс істеп, кейін социал-демократиялық бағыттағы партияны басқарған, сатылы өсу жолымен Премьер-министр дәрежесіне жеткен тұлға. Оның мансабы коммунистік қоғамнан басталып, Еуропалық Одаққа дейінгі аралықты қамтып отыр.

Соңғы жаңалықтар