Қазақстан мен Словения қазақстандық медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Любляна қаласында ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов пен Словения сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Сани Штиглицтің төрағалығымен Қазақстан-Словения сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 3-ші отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.

Қазақстан мен Словения қазақстандық медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады

Отырыс барысында екі елдің өкілдері медицина, құрылыс, туризм, тамақ пен ауыр өнеркәсіп және т.б. салалардағы қазақстандық және словениялық компаниялардың сауда-экономикалық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму келешегін талқылап, екіжақты қарым-қатынасты кеңейту жөнінде пікір алмасты. 

ҚР ДСӘДМ хабарлауынша, тараптар қазақстандық медицина кадрларының біліктілігін арттыру, ауруларды диагностикалау мен емдеу, медициналық туризм, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті және т.б. дамыту мәслелері бойынша ынтымақтастықты жетілдіруге келісті. 

Жиын соңында комиссияның тең төрағалары екіжақты тиімді ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыру жөніндегі хаттамаға қол қойды.