Қазақстан мен Суринам арасында виза талаптары жеңілдемек

Қазақстан мен Суринам үкіметтері арасында дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату туралы келісім әзірленді, деп хабарлайды Kazinform.

виза
Фото: Pixabay

«Қазақстан Үкіметі мен Суринам Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін виза талабындан босату туралы келісімге қол қою туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды.

Құжатта Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілі Ақан Ақасұлы Рахметуллин қос ел үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату туралы келісімге Қазақстан Үкіметі атынан қол қоятыны, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілгені жазылған.

Келісім күшіне енгеннен кейін тараптардың жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері бір-бірінің елдерінің аумағына бір және көп мәрте келу, кету, транситпен өту, уақытша болу үшін визалық талаптардан бірінші келген күннен бастап әрбір 180 (жүз сексен) күндік кезең ішінде 30 (отыз) күнге дейін мерзімге босатылады. 

Бір тарап мемлекетінің жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорты бар азаматтары, екінші тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық өкілдіктің, консулдық мекеменің немесе халықаралық ұйымдар жанындағы өз мемлекеттері өкілдіктерінің қызметкерлері ретінде қызметтік іссапарда болса, онда тараптар мемлекеттерінің аумағына олардың өкілеттерін орындау мерзімінде визасыз кіре алады, онда бола алады, транзитпен өте алады және кете алады.

Суринам Республикасының аумағында жүріп-тұру кезінде өздерінің жол жүру құжатын жоғалтып алған Қазақстан азаматтары Қазақстан Республикасының дипломатиялық немесе консулдық мекемелері берген жол жүру құжаттарын пайдалана отырып, Суринам аумағынан тыс жерге кете алады.

Дәл осындай мүмкіншілік Суринам азаматтарына да көзделген.

Қаулы жобасы 8 желтоқсанға дейін қоғам талқысына шығарылып отыр.