Қазақстан мен тағы төрт елде QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндігі енгізілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан азаматтары аталған елдерге сапар шеккенде өз банктерінің мобильді қосымшалары арқылы QR-кодпен төлем жасап, нақты уақыт режимінде бір-біріне ақша аудара алады. 

QR-код, оплата
Фото: Pexels

22-23 қазанда Тәжікстан Республикасында төлем жүйелерін дамыту мәселелері бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан орталық (ұлттық) банктері өкілдерінің төртінші өңірлік кездесуі өтті.

Іс-шараға қатысушылар ұлттық төлем платформалары мен лездік төлем жүйелерін дамыту, QR-код стандарттарын енгізу, қаржылық инклюзия мен қолма-қол ақшасыз төлемдерді кеңінен қолдану, сондай-ақ қашықтықтан сәйкестендірудің ұлттық жүйелерін құру жөнінде тәжірибе алмасты.

Қазақстан Ұлттық банкі Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын (ҰЦҚИ) дамытудағы жетістіктерін таныстырды. Атап айтқанда, Ұлттық төлем жүйесін, биометриялық сәйкестендіру платформасын, цифрлық теңге мен ашық банкингті, Ұлттық антифрод-орталығын және телефон нөмірі арқылы ақша аударуға, сондай-ақ QR-код арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін Банкаралық мобильді төлемдер жүйесін іске қосу тәжірибесімен бөлісті.

Қатысушылар трансшекаралық төлемдерді дамыту мүмкіндіктеріне, соның ішінде ұлттық лездік төлем жүйелері мен цифрлық валюталардың өзара жұмыс істеу жолдарына ерекше назар аударды. Олар QR-төлемдердің ұлттық жүйелерін интеграциялау жөніндегі қазақстандық тараптың ұсынысын қолдап, ағымдағы жылдың соңына дейін QR-төлемдердің ұлттық жүйелерінің өзара жұмыс істеу тетігін нақтылауға келісті.

Бастама іске асқан жағдайда, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан азаматтары аталған елдерге сапар шеккенде өз банктерінің мобильді қосымшалары арқылы QR-кодпен төлем жасап, нақты уақыт режимінде бір-біріне ақша аудара алады.

Сонымен қатар қазақстандық тарап ақпарат алмасуға және цифрлық активтерді реттеуге қатысты бірлескен шаралар өткізуді ұсынды.

Тараптар төлем жүйелерінің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, төлем инфрақұрылымын кибершабуылдардан қорғау, төлем жүйелерін қадағалауда жасанды интеллект пен SupTech және RegTech технологияларын пайдалану, сондай-ақ алаяқтыққа қарсы күрес мәселелерін де талқылады.

Кездесу соңында тараптар төлем жүйелері мен цифрлық қаржы технологиялары саласындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.

Айта кетелік қазақстандықтар 11 елде QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігіне ие болмақ.