Қазақстан мен Таиланд ынтымақтастықты одан әрі нығайтпақ — Ермек Көшербаев

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Таиланд Корольдігі Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеомен Тәуелсіздік сарайында өткен екіжақты кездесуден кейін келіссөздердің нәтижелі болғанын мәлімдеді.

Қазақстан мен Таиланд ынтымақтастықты одан әрі нығайтпақ — Ермек Көшербаев
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Келер жылы Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Таиланд Қазақстан үшін өңірдегі жақын әрі сенімді серіктес болып табылады. Соңғы отыз жылдан астам уақыт ішінде біз қарқынды әрі жан-жақты әріптестік орнаттық, — деді министр.

Оның айтуынша, екіжақты сауда айналымы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 255 миллион АҚШ долларына жеткен.

— Қазіргі уақытта Қазақстан нарығында тай капиталының қатысуымен құрылған 55-тен астам компания тіркелген. Екі ел арасында көптеген тікелей әуе рейстерінің іске қосылуы азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз арасындағы байланыстардың дамуына серпін берді, — деді Ермек Көшербаев.

Министр бұл факторлардың барлығы мемлекеттер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Сондай-ақ ол Қазақстан мен Таиландтың БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарын берік қолдайтынын және көптеген өңірлік әрі жаһандық мәселелер бойынша ұқсас ұстанымдарға ие екенін атап өтті.

— Біз БҰҰ және оның мамандандырылған мекемелері, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Азия ынтымақтастығы диалогы секілді көпжақты алаңдар аясындағы нәтижелі ықпалдастығымызды жалғастырып келеміз, — деді министр.

Сонымен қатар Ермек Көшербаев Қазақстанның Таиландтың Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі орнықты инновациялар мен экономикалық дамуды ілгерілетудегі, оның ішінде БҰҰ-ның ЭСКАТО шеңберіндегі маңызды рөлін жоғары бағалайтынын атап өтті.

Айта кетейік, халықаралық су ұйымын құру идеясы Таиландта ұсынылды.