Қазақстан мен Татарстан ілбісті бірлесіп зерттейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Татарстан ілбісті сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтып жатыр.

снежный барс
Фото: pikabu.ru

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Татарстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі арасында ілбісті сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.

Құжатқа Комитет төрағасы Данияр Тұрғамбаев пен Татарстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Азат Зиганшин қол қойды.

Меморандумға сәйкес тараптар теңдік, өзара құрмет және өзара тиімділік қағидаттары негізінде ілбістің популяциясын сақтау және тұрақты қалпына келтіру мақсатында ынтымақтастықты жүзеге асырады.

Қазақстан мен Татарстан ілбісті бірлесіп зерттейді
Фото: Қазақорманы

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:

Ілбістің санына, көші-қонына және денсаулық жағдайына мониторинг жүргізу бойынша бірлескен бағдарламаларды іске асыру;

Ілбістің мекендеу ортасын сақтау және қалпына келтіру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарларын әзірлеу және іске асыру;

Ғылыми-техникалық ақпаратпен және ілбісті қорғау саласындағы тәжірибемен, оның ішінде спутниктік бақылау, генетикалық талдау және ветеринариялық бақылау әдістерімен алмасу;

Ілбістің экологиясын, мінез-құлқын және көші-қон бағыттарын бірлесіп ғылыми зерттеу;

Браконьерлік пен заңсыз сауданың алдын алу;

Экологиялық ағарту іс-шараларын өткізу;

Ілбістің санын есепке алу тәсілдерін үйлестіру және бірыңғай деректер базасын қалыптастыру;

Табиғат қорғау жобаларын іске асыруға халықаралық ұйымдарды, ғылыми орталықтар мен донорларды тарту.

Қазақстанда қар барысы популяциясының қалпына келуі

Ілбіс Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және мемлекет қорғауына алынған. Оның негізгі мекендеу аймақтары Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Сауыр және Алтай тау жүйелерінде орналасқан.

2000 жылдардың басында еліміздегі ілбістің саны 100–110 дарақ деп бағаланса, 2025 жылғы бағалау деректері бойынша бұл көрсеткіш 155–192 дараққа жетті. Көпжылдық мониторинг нәтижелері популяцияның біртіндеп қалпына келе жатқанын көрсетеді.

2025 жылы Жамбыл облысында табиғи кешендерді, оның ішінде ілбістің табиғи мекендеу ортасын қорғау мақсатында «Меркі» өңірлік табиғи паркі құрылды.

Қазақстанда ілбісті зерттеу үшін 2012 жылдан бастап фототұзақтар, ал 2021 жылдан бастап спутниктік телеметрия технологиялары қолданылып келеді. 2026 жылы спутниктік қарғыбау тағылған қар барыстарының саны 17-ге жетті.

Сонымен қатар жануарлардың ықтимал таралу бағыттарын модельдеу үшін жасанды интеллект технологиялары қолданылуда.

2024 жылы Қырғызстан тарапымен де осындай меморандумға қол қойылды.

Татарстан Республикасымен меморандумға қол қою ілбісті сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, ғылыми әлеуетті біріктіруге және бірлескен табиғат қорғау жобаларын іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Айта кетелік Іле Алатауы аумағында шамамен 40 ілбіс мекендейді.