Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда айналымы 1,13 млрд долларға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда айналымы биылғы тоғыз айда 25,6%-ға өсіп, 1,13 млрд долларға жетті. Бұл мәселе Душанбеде өткен екі елдің экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының отырысында қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға сапары кезінде серіктестікті нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету туралы келісімдерге қол қойылған болатын.
Қазақстан — Тәжікстанның негізгі үш сауда серіктестерінің бірі. Жыл басынан бері тоғыз айда екі ел арасындағы сауда айналымы былтырғымен салыстырғанда 25,6%-ға өсіп, $1,13 млрд-қа жетті. Өткен жылы Қазақстан Тәжікстан экономикасына $133,8 млн инвестиция салды, оның $14,4 млн-ы тікелей инвестициялар.
Үкіметаралық комиссия отырысында тараптар саяси қатынастардың тұрақты сипатқа ие болғанын, жоғары деңгейдегі байланыстардың екіжақты күн тәртібінің кеңеюіне ықпал еткенін атап өтті. Сауда, инвестиция, өнеркәсіп, көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.
Сондай-ақ сауда айналымын арттырудың, Қазақстаннан шикізат емес өнімдерді жеткізуді ұлғайтудың Жол картасын қабылдау туралы келісімге келді.
Перспективалы бағыттар ретінде сирек кездесетін металдарды өңдеу, қазақстандық инвесторлардың қатысуымен Тәжікстанның алюминий өнеркәсібін жаңғырту, тұрақты бидай жеткізу және 2027 жылы Қазақстан арқылы мұнай өнімдерін жеңілдікпен тасымалдау аталды.
Тікелей инвестициялар тарту, бірлескен кәсіпорындар құру, еркін экономикалық аймақтардың әлеуетін пайдалану және аймақаралық байланыстарды дамытуға басымдық беру мәселесі де жан-жақты талқыланды.
Кездесу қорытындысында тараптар Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысының хаттамасына қол қойды. Комиссияның келесі отырысы 2027 жылы Астанада өтеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай энергетика саласындағы бірлескен жобаларды жеделдететінін жаздық.