Қазақстан мен Тәжікстан парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Мәулен Әшімбаев
Фото:  Н.Байбулин/Сенат

АСТАНА. KAZINFORM — Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Тәжікстанның Маджлиси Оли Маджлиси милли Төрағасының бірінші орынбасары Раджаббой Ахмадзодамен кездесті. Сұхбат барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды және парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Бұл туралы ҚР Парламентінің Сенаты баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Мәулен Әшімбаев Тәжікстан Қазақстанның стратегиялық серіктесі және маңызды одақтасы екенін атап өтті. Кездесуде мемлекет басшыларының жеке достық пен сенімге негізделген байланысы мен сындарлы диалогы осындай тиімді ынтымақтастықтың кепілі екені сөз болды.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы екі ел Парламенттерінің Палаталары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бірінші отырысына назар аударып, оның қорытындысы бойынша қол қойылған Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы аясында өзара іс-қимылды арттырудың маңызы зор екенін айтты.

«Елдеріміз арасындағы қарым-қатынас барлық салада қарқынды дамып келеді. Стратегиялық байланысымызды одан әрі арттырудың маңызды тетіктерінің бірі парламентаралық ынтымақтастықты нығайту екені анық. Парламенттеріміздің Палаталары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы барысында белгіленген міндеттер алдағы бірлескен жұмысымызда айрықша мәнге ие. Олар климаттың өзгеруіне қарсы күрес, су ресурстарын тиімді пайдалану және басқа да мәселелерде өзара серіктестікті нығайта түседі деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне де назар аударды.

Өз кезегінде Раджаббой Ахмадзода кездесу үшін Мәулен Әшімбаевқа алғысын білдіріп, алдағы уақытта парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Сонымен қатар сұхбат кезінде тараптар ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт жөнінде пікір алмасты. Аталған құжат Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде келісілген болатын.

Соңғы жаңалықтар