Қазақстан мен Түрікменстан арасында сенімді саяси диалог қалыптасты - Тоқаев
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Түрікменстан арасында сенімді саяси диалог қалыптасты. Бұл туралы Ақордада Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сіздің алғашқы мемлекеттік сапарыңыз Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы - мерейтойлық кезеңмен тұспа-тұс келді. Тату көршіліктің ғасырлар бойғы достығына, біртұтас мәдени және тарихи құндылықтарға сүйене отырып, Қазақстан мен Түркіменстан осы жылдар ішінде мемлекетаралық әріптестіктің үлгісі болып табылатын берік және үйлесімді қарым-қатынас орнатты. Елдеріміз арасында жоғары деңгейде белсенді және өте сенімді саяси диалог жолға қойылған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті өткен жылдың қазанында Ашхабатқа жасаған сапарын жылылықпен еске алып, қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Түрікменстанның бұрынғы Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов сәлемін жолдады.
«Сол сапар барысында Түрікменстанның құрметті президенті, Сіздің әкеңіз Гурбангулы Мяликгулымен жемісті келіссөз жүргізгенімізді атап өткім келеді. Баспасөздің мүмкіндігі мен қатысуын пайдалана отырып, құрметті Гурбангулы Мяликгулыұлына сәлемім мен ізгі тілектерімді жеткізгім келеді», - деді Президенті.
Фото: t.me/bort_01