Қазақстан мен Түрікменстанның денсаулық сақтау министрлері кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Түркіменстан Республикасының Денсаулық сақтау және медицина өнеркәсібі министрі Нұрмұхаммет Аманнепесовпен онлайн-кездесу өткізді.

Қазақстан мен Түрікменстанның денсаулық сақтау министрлері кездесті

Тараптар денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, алдағы бірлескен жоспарды айқындады, сондай-ақ Covid-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцинопрофилактика және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы бойынша тәжірибе алмасты.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой Қазақстандағы инфекцияның таралуын тоқтату бойынша қабылданған іс-қимыл, COVID-19-ға қарсы вакциналау бойынша атқарылған жұмыстар жайлы хабардар етті.

«ҚР электрондық тіркеу жүйесінің деректері бойынша 2021 жылдың 11 наурызда бірінші кезекте 50 737 адам вакцина алды. Сонымен қатар, республика бойынша 41 829 медицина қызметкері, 5 392 педагог, 1 156 күш құрылым қызметкері, 445 учаскелік полицей және 174 медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы вакциналанды. Екінші кезеңде - 18 210 адам екпе алды. Негізінен ақпанда алғашқы доза қабылдаған медицина қызметкерлері егілді. Вакциналау кезең-кезеңімен жүргізіледі», - деді А.Цой.

Сонымен қатар, Covid-19 таралуына байланысты тұрақсыз жағдайды ескере отырып, А.Цой эпидемиологиялық ахуалға қатысты тұрақты ақпарат алмасу үшін Түркіменстанмен әріптестікті жалғастыруды ұсынды.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрі медициналық ұйымдарды, IT-технологияларды, жедел жәрдем, МСАК және медицина ғылымын аккредиттеуде консультативтік және техникалық көмек көрсету, ҚР медицина ұйымдарында Түрікменстан азаматтары үшін жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсету бойынша әріптестікті жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ түркімен медицина қызметкерлері үшін медицина мамандықтары бойынша біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру да сөз болды.

Кездесу соңында тараптар денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті және COVID-19 таралуының алдын алуда өзге елдердің тәжірибесін пайдалануға сенім білдірді.