Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге өтті — Джевдет Йылмаз
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жаңа кезеңге қадам басты. Бұл туралы Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз тілшілерге берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстанға жасалған екі күндік сапар мазмұнды әрі нәтижелі өткен. Түрік делегациясын қазақстандық тарап жоғары деңгейде қарсы алып, іссапар аясында іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесу ұйымдастырылған. Бұл өз кезегінде өзара байланыстарды нығайтып, нақты жобаларды талқылауға жол ашқан.
— Сапар өте қарқынды әрі нәтижелі өтті. Бізге көрсетілген жылы қабылдау мен құрмет үшін алғысымды білдіремін. Іскерлік қауымдастықпен кездесу де мазмұнды болды, - деді вице-президент.
Сонымен қатар ол Қазақстанның Премьер-министрімен екіжақты келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. Осы кездесулердің жалғасы ретінде делегациялар деңгейінде Үкіметаралық экономикалық комиссияның 14-отырысы өтіп, оның қорытындысында 67 тармақтан тұратын жаңа іс-қимыл жоспарына қол қойылған.
— Бұл құжат екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа кезеңге шығарады. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, мазмұнды әрі нәтижелі кездесу өткіздік. Осы келіссөздердің нәтижесі екі ел үшін де игілікті болады деп сенемін, — деді Джевдет Йылмаз.
Ол сондай-ақ сапардың табысты өтуіне үлес қосқан барлық азаматқа, мемлекеттік қызметкерлер мен министрлерге алғыс білдірді. Вице-президенттің айтуынша, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас стратегиялық сипатқа ие және мемлекет басшылары айқындаған ортақ бағытқа негізделген.
— Қазақстан мен Түркия — достас, бауырлас әрі стратегиялық серіктестер. Мемлекет басшылары — Режеп Тайып Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған ортақ бағдар бар. Біз осы бағыттағы жұмысты бірлесіп әрі жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз, - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Түркия Вице-президенті Жевдет Йылмаз бен Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 14-отырысы өтті. Іс-шара барысында Олжас Бектенов Қазақстанның Түркиямен тығыз ынтымақтастыққа дайын бағыттарын атады.