Қазақстан мен Түркия арасында кедендік бақылау рәсімдері жеңілдейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісімге 2022 жылғы 10 мамырда Мемлекет басшысының Анкарадағы сапары аясында қол қойылды.

Түркия Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі саналады, яғни сауда қарым-қатынасында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді есепке алмағанда, 3-орында тұр. Келісімді ратификациялау екі мемлекеттің арасында өткізілетін тауарлар мен көліктер бойынша мәліметтерді электрондық алмасу арқылы кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға және оны атқару мерзімдерін қысқартуға бағытталған. Бұл тұрғыда кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату және сыртқы экономикалық саудада жүргендер үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасау ескерілген

, - деді сенатор Бекболат Орынбеков.

Қаралып отырған заңның ережелеріне сәйкес, өткізу пунктерінде шекарадан өтудің басым тәртібі жүзеге асырылады. Кедендік бақылау уақытын қысқарту мақсатында тиісті қадағалау іс-шаралары жеңілдетіледі. Сонымен қатар өткізу пунктерінде кедендік тексеру тәртібі жеңілдейді.

Бұған қоса, берілетін мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында екі елдің уәкілетті органдары ақпарат алмасудың техникалық шарттарын жеке әзірлейді. Техникалық шарттар әзірленіп, пилоттық жобаны іске асыру басталады. Бұл процесс аяқталғаннан кейін, екі елдің кеден органдары мәліметтермен тұрақты негізде алмасуды қолға алады. Заң Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған. Құжатты қабылдау, теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды. Келісімді іске асыру мақсатында мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді. Аталған құжат жан-жақты талқыланды. Сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ

, - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар
telegram