Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстері маусым айының соңына қарай жандануы мүмкін
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстері маусым айының соңына қарай жандануы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрі Әділ Қараисмаилоғлымен телефон арқылы сөйлесті.
«Тараптар екі елдің көлік саласындағы ынтымақтастығының биылғы жылғы І тоқсандағы қорытындыны шығарды. Теміржол көлігімен тасымал көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артып, 239 мың тоннаға жеткен. Автомобиль көлігі саласында 42% өсім болып, 65,2 тоннаны құрады. Транскаспий халықаралық көлік бағытымен транзиттік тасымалдау көлемі 2 есеге ұлғайып, 7,4 мың контейнерге жетті», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, министрлер екі елде де эпидемиологиялық жақсарған жағдайда барлық санитарлық талаптарды сақтап және жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасай отырып, маусым айының үшінші онкүндігінде әуе рейстерін қайта жандандыру мүмкіндіктерін талқылады.