Қазақстан мен Түркия өзара сауда-саттық көлемін 15 млрд долларға жеткізу ниетін растады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Түркия өзара сауда-саттық көлемін 15 млрд долларға жеткізу ниетін растады. Бұл туралы Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 6-отырысында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған айтты.
- Сауда-саттық көлемін 15 млрд долларға дейін жеткізу мақсатымызды растадық. Осыған орай біз 15 сәуірде Астанада өткен Бірлескен экономикалық комиссиямыздың 14-отырысында қабылдаған іс-шаралар жоспарын іске асырудың маңыздылығын атап өттік. Біз компанияларымызды инвестиция мәселесінде де ынталандыра береміз. Бизнес форум сынды іскерлік ортаны біріктіретін іс-шараларға айрықша мән беремін. Бүгін біз сондай форумның жабылу рәсіміне қатысамыз. Келіссөз барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық та маңызды тақырыптардың бірі болды, - деді Режеп Тайип Ердоған.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алған еді.
Айта кетейік, отырыс барысында Қазақстан Президент қазіргі таңда қазақ-түрік екіжақты қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып жатқанын, елдеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ екенін баса айтты.