Қазақстан мен Түрікменстан арасында темір жолмен жүк тасымалдау көлемі артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Түрікменстан арасында темір жолмен жүк тасымалдау көлемі артып келеді. Бұл туралы бүгін Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты.
«Біздің өзара қарым-қатынасымыздың тағы бір мықты діңгегі – транзиттік-көліктік ынтымақтастықты әрі қарай белсенді дамытуға ерекше мән береміз. Астана мен Ашғабат – трансконтиненталдық жүк тасымалдау жүйесінің маңызды әрі тиімді мүшелері. Екі ел арқылы Азия – Еуропа, Азия – Таяу Шығыс маршруттарын дамыту елдеріміздің дүниежүзілік қауымдастықтағы рөлін нығайта түседі деген пікірдеміз. Зор мүмкіндікке ие «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуетін кешенді түрде дамытуға сөз байластық. Бірлескен күш-жігердің арқасында өткен жылғы елдеріміздің арасындағы темір жолмен жүк тасымалының көлемі 20 пайызға өсіп, 1,3 млн тоннаға жеткен. Сонымен қатар, Қазақстан Түрікменстанның «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізіне қосылуына әрқашан қолдау көрсетіп келеді», - деді Мұрат Нұртілеу.
Осы ретте вице-премьер Ақтау мен Түркменбаши порттары арасындағы жүк тасымалдау көлемін бірнеше есе арттыруға келіскендерін атап өтті.
«Соңғы үш жылдан бері бұл бағыт бойынша жүк ауыстырып тиеу 50 пайызға өскенін атап өткен жөн. Автомобиль жолдарының түйісуі шекаралық өңірлер экономикаларына ықпал етіп қана қоймай, жалпы жүк тасымалын едәуір ұлғайтады. Екі ел арасындағы энергетикалық ықпалдастық қарым-қатынастарымыздың қарқынды дамып жатқанын қанағат сезіммен атап өтемін. Қазақстан энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты ұзақ мерзімді негізде өрістетуге үлкен мән береді. Бұл бағытта түрікмен тарапына бірнеше ұсыныс жолданды. Осы орайда, газ өндіру мен өңдеу, тасымалдаудың озық технологияларымен алмасуға ерекше назар аударылды. Тиісті келіссөздер нәтижесі бойынша жаңа кен орындарында бірлескен кәсіпорындар ашу мүмкіндігі – күн тәртібіндегі түйінді мәселе», - деді ол.