Қазақстан мен Түрікменстан медиасеріктестіктің жаңа кезеңіне қадам басты
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 8 қазанда «Аваза» ұлттық туристік аймағында (Түрікменстан) ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Түрікменстанның Теледидар, радиохабар тарату және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті Қазақ-түрікмен тұрақты медиа кеңесін құру туралы келісімге қол қойды.
Аталған құжат Орталық Азия елдері мен Әзербайжан басшыларының консультативтік басқосуында және ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында бекітілді.
Бұл келісім 2024 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға ресми сапары кезінде қабылданған достық пен көпқырлы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы декларацияны жүзеге асыру жөніндегі кешенді бағдарламаның тағы бір тармағын орындады.
Тараптар бұл қадамды Қазақстан мен Түрікменстанның медиа саласындағы тарихи белес деп бағалады. Келісім қос елдің ортақ ақпараттық кеңістігін дамытуға, өзара контент алмасуға, тұрақты өкілдіктер ашып, хабар тарату желісін жүйелі үйлестіруге жол ашады.
Қазақ-түрікмен тұрақты медиа кеңесін құру туралы келісім — екі елдің БАҚ ынтымақтастығы тарихындағы алғашқы құжат әрі мемлекеттер арасындағы жоғары сенімнің көрінісі.
Келісім аясында жақын уақытта Түрікменстанда қазақстандық Silk Way және Silk Way Cinema халықаралық телеарналары хабар таратады.
Қазақстан Президентінің Телерадиокешені Орталық Азия елдерінің медиа ұйымдарымен және осы салаға жауапты мекемелерімен байланысын кеңейту арқылы өңірдің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыруды көздейді.
Анықтама
ҚР Президентінің Телерадиокешені — медиаконтентті өндіру мен таратудың толық циклін жүзеге асыратын Қазақстандағы ең ірі медиа компаниялардың бірі.
Компания құрамына қазақстандық көрерменге арналған Jibek Joly телеарнасы мен аттас радио, Silk Way, Silk Way Cinema және Silk Way Prime халықаралық телеарналары, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, Деректі кино орталығы және TRKLAB цифрлық медиа бөлімі кіреді.
Түрікменстанның Теледидар, радиохабар тарату және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті — елдегі БАҚ саласына жауапты орталық мемлекеттік орган. Оның құрамында 8 телеарна, 4 радиостанция, бірнеше ақпараттық портал және «Түрікменфильм» киностудиясы бар.
Бұған дейін Президент телерадиокешенінің деректі фильмі халықаралық «Еуразия.DOC» фестивалінде арнайы дипломға ие болғанын жазған едік.