Қазақстан мен Ұлыбритания энергетика саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кэти Лич ханыммен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары және энергетика секторындағы ортақ басымдықтар талқыланды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Тараптар энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мен тұрақты энергетикалық ауысым мәселелеріне, сондай-ақ жаһандық климаттық мақсаттарды ескере отырып, энергоресурстарды сенімді жеткізу мен аймақтық ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Кэти Лич ханым Қазақстанның мұнай-газ секторын декарбонизациялау және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша атқарып жатқан жұмысына жоғары баға берді. Сонымен қатар, Қазақстанның Метан бойынша жаһандық міндеттемеге қосылуын және «Hydrogen Breakthrough Agenda» бастамасы аясында сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі қадамдарын ерекше атап өтті.

Ерлан Ақкенженов жаһандық энергетикалық мәселелерді шешуде халықаралық әріптестіктің маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда ол Қазақстанның энергия теңгерімін әртараптандырудағы жаңартылатын және сутегі энергетикасының рөлін ерекше атап өтіп, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мен инвестиция тартудың маңызды екенін айтты.
«Біз өз әріптестігімізді жоғары бағалаймыз және оны одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Қазақстан энергетика секторын жаңғыртып, көмірқышқыл газын азайту шараларын жүзеге асырып, жаһандық климаттық бастамаларға үлес қосуда. Бізде жасыл технологиялар мен инвестициялар саласында бірлесіп жұмыс істеу үшін үлкен мүмкіндіктер бар, және бұл ынтымақтастық екі ел үшін де тиімді болатынына сенімдімін», – деді Ерлан Ақкенженов.

Кездесу барысында тараптар Орталық Азияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында су-энергетикалық бағдарламалар саласындағы аймақтық ынтымақтастықтың маңыздылығын да талқылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай жөнелтуде шектеу жоқ екенін хабарлаған болатын.