Қазақстан мен Ұлыбритания арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім қабылданды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Келісімге былтыр 3 қарашада Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Ұлыбританияға сапары барысында Лондонда қол қойылған. Құжат екі елдің құзыретті органдарының қылмыстық істер бойынша, сонымен бірге, қылмыстық істермен байланысты сот және соттан тыс рәсімдер бойынша тергеуде өзара құқықтық көмектер көрсету мәселесін реттейді.
ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша келісім құжаттар мен заттарды беруді, құжаттар тапсыру мәселелерін, қылмыстық жолмен алынған мүліктерді тәркілеу мен шектеулерді қарастырады. Сонымен қатар, келісім тәркіленген активтерді бөлу тұрғысынан бірқатар ерекшеліктерді де қамтиды. Мәселен, әдетте тараптар тәркіленген активтерді теңдей бөлетін болса, бұл келісім шартта Қазақстан тарапына кейбір жағдайларда мұндай активтерді бөлудің ерекше тәртіптері қарастырылады. Мәселен, жымқырылған мемлекет қаражаттары бөлуге жатпайды, сосын толық күйінде қайтарылатын болады. Дегенмен, онда активтерді сатуға арналған шығыстар есептелмейді.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.